«Қазгидромет» 2026 жылғы 13 қыркүйекке арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің барлық өңірінде ауа райына байланысты түрлі ескертулер күшінде болады, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды облысында күндіз өңірдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және шығыс аудандарда түнде және таңертең тұман түседі. Таңертең және күндіз желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетіп, солтүстікте кей уақытта 23 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Өңірде өрт қаупі жоғары, ал батысында төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында күндіз жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Мұнда да өрт қаупі жоғары деңгейде.
Ұлытау облысында түнде және таңертең батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік және шығыс аудандарда тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады, күндіз солтүстікте екпіні кей уақытта 23 м/с-қа жетеді. Облыста төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, төтенше өрт қаупі болады.
Алматыда жоғары өрт қаупі сақталады. Іле Алатауының таулы аймақтарында күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.