Қарағандылық 13 жастағы Тимофей Муравьев Түркияда өткен World Drone Cup 2026 халықаралық дрон жарысына қатысып, Қазақстан намысын қорғады. Жас спортшы әлемнің үздік дрон ұшқыштары бас қосқан додаға үшінші жыл қатарынан шақырту алған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Биылғы жарысқа 24 мемлекеттен 32 үздік қатысушы жиналды. Олардың арасында Тимофей Муравьев Қазақстан атынан сынға түскен жалғыз спортшы болды.
Халықаралық дода Түркияның Шанлыурфа қаласында авиация, ғарыш және заманауи технологияларға арналған TEKNOFEST фестивалі аясында ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара барысында әуе шоулары, технологиялық көрмелер мен түрлі халықаралық жарыстар өтті.
World Drone Cup – FPV-дрондарды басқару шеберлігі сыналатын беделді жарыстардың бірі. Мұнда қатысушылар арнайы көзілдірік арқылы дрон камерасынан берілетін бейнені көріп, ұшу аппараттарын жоғары жылдамдықпен басқарады.
Спортшылар белгіленген бағыт бойынша ұшып, түрлі кедергілер мен қақпалардан мүмкіндігінше жылдам өтуі керек. Жарыс кезінде секундтың үлесі де шешуші рөл атқарады. Сондықтан қатысушылардан жоғары жылдамдықпен қатар дәлдік, жылдам әрекет ету және дронды шебер басқару талап етіледі. Бұл додаға кез келген спортшы қатыса алмайды. Әлемдік жарыста бақ сынау үшін үміткерлер арнайы іріктеуден өтіп, ұйымдастырушылардан ресми шақырту алуы тиіс.
Тимофейдің әкесі Сергей Муравьев ұлының осындай беделді жарысқа үшінші мәрте қатысуы ұзақ жылғы дайындық пен еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
"World Drone Cup жарысына шақырту алу – еліңді халықаралық аренада таныстырып, әлемдегі үздік FPV-ұшқыштардың бірі атану үшін бақ сынауға берілген мүмкіндік. Мұның артында көп жылғы жаттығу, спорттық жетістіктер мен халықаралық деңгейдегі мойындау тұр. Әлемнің үздік ұшқыштары арасында Қазақстанның намысын қорғау – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік", – деді Сергей Муравьев.
Жас қарағандылықтың әлемдік додаға қатарынан үш рет шақырылуы оның халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдап келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, FPV-дрон жарыстары технология мен спортты біріктіретін жаңа бағыттардың бірі саналады. Бұл спорт түрі қатысушылардың техникалық сауаттылығын, кеңістікті бағдарлау қабілетін және жылдам шешім қабылдау дағдыларын дамытады.