2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Құрылтайда таныстырылды

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Құрылтайда таныстырылды
t.me/quryltairesmi

Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды. Жиынға Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина, Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева және Үкімет өкілдері қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Дания Еспаева бюджет жобасына қатысты депутаттарға көлемді материалдар ұсынылғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл құжаттар мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Вице-спикер кәсіби депутаттық бақылауды одан әрі күшейту қажет екенін айтты.

Ольга Перепечина бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуін бақылау депутаттардың басты назарында болатынын жеткізді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Оның мәліметінше, 2027–2029 жылдары экономиканың орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп күтілуде. Өсімнің негізгі драйверлері мұнай секторына қатысы жоқ салалар болуы тиіс.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы бюджет жобасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. 2027 жылы республикалық бюджет кірісі 25,4 трлн теңге, шығысы 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3%-ын құрайды.

Ал 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін төмендету және меншікті кірістерді 23,4 трлн теңгеге жеткізу көзделген.

Талқылау барысында депутаттар экономикалық өсім болжамдары мен халықаралық сарапшылардың бағалауларындағы айырмашылықтарға, бюджет тапшылығын азайту жоспарына, Ұлттық қор трансферттері арқылы қаржыландырылатын жобаларға және олардың бюджеттік рәсімдерден өтуіне қатысты сұрақтар қойды.

Құрылтайдағы бюджет жобасына қатысты жұмыс депутат Татьяна Савельеваның жетекшілігімен жалғасады.

Жиыннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылды. Онда ең төменгі жалақыны арттыру, Ұлттық қор қаражатын пайдалану және басқа да мәселелер талқыланды.