BASPASOZТолық нұсқа
Экономика

2027 жылғы бюджетте доллар бағамы қайта қаралды

Дана Зарылханқызы
Canva
Бөлісу Telegram

Қазақстанда 2027 жылғы бюджетті жоспарлау кезінде доллар бағамына қатысты болжам өзгертілді. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын Құрылтай отырысында таныстырды.

Бұған дейін 2027 жылғы бюджет жобасында доллардың орташа бағамы 540 теңге деңгейінде белгіленген еді. Вице-министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш 2025 жылғы шілдеде жасалған есепке негізделген. Сол кезде доллар бағамы 540 теңге шамасында болған.

Қазіргі жағдайды ескере отырып, үкімет 2027 жылға арналған есепте бұл көрсеткішті 480 теңгеге өзгертті.

«Биылғы динамицияны ескере отырып, 480 теңгені негізге алып отырмыз», – деді Азамат Әмрин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері доллардың орташа бағамы шамамен 478 теңгені құраған. Осы көрсеткіш келесі жылға арналған бюджеттік есептеулердің негізгі бағдарларының бірі болған.

Вице-министр бюджетке енгізілген бағам нақты нарықтық курс емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, қажет болған жағдайда келесі жылы бюджет параметрлері нақтылануы мүмкін.

Доллардың қазіргі бағамы

16 қыркүйектегі Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 444,88 теңге болды. Бір күн ішінде америкалық валюта 2,8 теңгеге арзандады.

Бұл – доллардың 2024 жылғы мамырдан бергі ең төменгі көрсеткіші.

Айта кетейік, 4 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені тағы төмендетіп, оны 16,25 пайызға белгіледі. Бұл – мөлшерлеменің қатарынан үшінші рет төмендеуі. Жалпы алғанда, базалық мөлшерлеме 1,75 пайыздық тармаққа қысқарды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары