2027 жылғы егін егу науқанына 200 млрд теңге бөлінеді

2027 жылғы егін егу науқанына 200 млрд теңге бөлінеді
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда 2027 жылғы егіс маусымына дайындық басталды. 1 қазаннан бастап шаруаларды ерте қаржыландыру тетігі іске қосылып, «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бағдарлама аясында 2027 жылғы маусымға 200 млрд теңге қарастырылған. Қаражат шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Ерте қаржыландыру фермерлерге егіс жұмыстары басталмай тұрып тұқым, тыңайтқыш, жанармай мен қосалқы бөлшектер сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.

Өтінімдерді Аграрлық кредиттік корпорация филиалдары, екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар және микроқаржы ұйымдары арқылы беруге болады.

Соңғы үш жылда елімізде егін егу және жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқан. 2024 жылы бұл мақсатқа 421 млрд теңге бағытталса, 2026 жылы қаржыландыру көлемі 750 млрд теңгеге жетті.

2026 жылғы 28 қыркүйектегі мәлімет бойынша, шаруаларға 664,4 млрд теңге беріліп, 8 млн гектардан астам егістік қамтылған. Кепіл мүлкі жеткіліксіз шаруалар үшін арнайы кепілдік тетігі де қарастырылған. Ол қарыз сомасының 85%-ына дейін жабуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы сомасы 274,2 млрд теңге болатын қарыздар бойынша 1 735 кепілдік берілген.

Биыл Қазақстандағы жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 597 мың гектарға көп. Шаруаларға литрі 281 теңгеден 402,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, 2,3 млн тонна тұқым қоры дайындалды.

Қыркүйек айының соңындағы мәлімет бойынша, астық алқаптарының 83%-ында орақ аяқталған. 13,5 млн гектар жерден 19,9 млн тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрады.

Лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарына 4,9 млн тонна жаңа өнім жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп.

Осылайша, шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесінде қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, қаражатты егіс науқанына дейін ертерек беру тәсілі де қолданылып отыр.