7 қазан, сәрсенбі күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы бұзылады. Елдің батысы, солтүстік-батысы мен орталығында жаңбыр жауса, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» мәліметінше, республика бойынша жел күшейеді. Солтүстік өңірлерде жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Ал солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда көктайғақ күтіледі. Кей жерлерде тұман түседі.
Түнде Алматы және Қызылорда облыстарының солтүстігінде, сондай-ақ Түркістан облысының таулы аудандарында топырақ бетінің температурасы 1 градусқа дейін төмендейді.
Жетісу облысының солтүстігі мен Жамбыл облысының таулы аудандарында ауа температурасы -2 градусқа дейін түсіп, үсік жүруі мүмкін.
Сонымен қатар Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Жетісу облысының жекелеген аудандарында өрт қаупі жоғары болады.
Ал Қызылорда, Ұлытау, Ақтөбе және Атырау облыстарының кей бөліктерінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ескеруге кеңес береді.