Абай облысында ЖЭК қуаты 160 МВт-қа жетті
Абай облысында жел мен күн энергиясын пайдалануға негізделген жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазір өңірде жалпы қуаты 159,7 МВт болатын сегіз ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның жетеуі – жел электр станциясы. Олардың жиынтық қуаты 129,7 МВт. Сонымен қатар қуаты 30 МВт болатын бір күн электр станциясы бар.
Өңірдің жаңартылатын энергетикасында жел электр станцияларының үлесі басым. Ең ірі нысан – Аягөз ауданындағы қуаты 100 МВт «Абай-1» жел электр станциясы.
Бұдан бөлек, облыста «Винд Чарск», «ВЭС-Чарск», «Чарск Ветер», DES Consulting, Ventum Energy және EastWindEnergy жел электр станциялары жұмыс істейді.
Ал күн энергетикасы Жарма ауданындағы қуаты 30 МВт «Жангиз Солар» электр станциясы арқылы ұсынылған.
Қазір облыста жел және күн энергетикасына қатысты жаңа жобаларды іске асыру мен пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл алдағы уақытта өңірдегі «жасыл» энергетиканың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Абай облысы бойынша Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті электр энергетикасы саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.