Айлығы 300 мың, пәтері 100 млн: салық не сұрайды?

Айлығы 300 мың, пәтері 100 млн: салық не сұрайды?
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда салық органдары азаматтардың ресми табысы мен ірі шығындарын салыстырып қарайды. Егер адамның табысы төмен болып, соған қарамастан қымбат мүлік сатып алса, қаражаттың қайдан келгені туралы сұрақ туындауы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Журналистер вице-министрге айына 300 мың теңге жалақы алатын, екі несиесі бар адамның 100 миллион теңгеге пәтер сатып алуы мысалын келтірген. Мұндай жағдайда салық органдары оның қаражат көзін қалай анықтайтыны сұралды.

Әсет Тұрысовтың айтуынша, мемлекеттік кірістер органдары азаматтың кірісі мен шығыны арасындағы айырманы арнайы әдістемелер арқылы салыстырады. Егер ресми табыс көлемі жасалған ірі сатып алуларға сәйкес келмесе, түсініктеме сұралуы ықтимал.

"Егер адамның ресми кіріс көзі болмаса, бірақ оның атында жылжымайтын мүлік, көлік және басқа да қымбат активтер пайда болса, қаражаттың қайдан келгені сұралады. Себебі кіріс пен шығыс бір-бірімен салыстырылады", – деді вице-министр.

Оның сөзінше, азамат қосымша табыс көздері болғанын дәлелдей алады. Мысалы, кеңес беру қызметінен немесе өзге жұмыстан кіріс тапқан болса, оны көрсетіп, тиісті салығын төлеуі қажет.

Салық органдары мобильді аударымдардың бәрін көре ме?

Әсет Тұрысов банк деректеріне қол жеткізу шектеулі екенін де атап өтті. Азаматтың мүлкі туралы ақпараттың болуы салық органдары оның барлық мобильді аударымдарын автоматты түрде көріп отырады деген сөз емес.

"Банк құпиясы туралы заң бар. Біз оны сақтаймыз. Банктік деректер белгілі бір жағдайларда ғана қолжетімді болады", – деді ол.

Салық органдарында қандай мәлімет бар?

Бұған дейін Қазақстанда әр салық төлеушіге қатысты цифрлық дерек жүйесі қалыптастырылғаны айтылған. Онда жеке және заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлкі, көлігі және басқа да мәліметтері жинақталады. Сондай-ақ Smart Data Finance талдау жүйесі ондаған түрлі дереккөзден ақпарат жинайтыны хабарланған.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мобильді аударымдарды талдау нәтижесінде 115 мың адамға қатысты сұрақ туындаған. Оларға түскен қаражаттың қайдан келгенін және қандай мақсатта аударылғанын түсіндіру үшін хабарламалар жіберілген.