BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Ақтөбе облысы L-410 ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Ақтөбе облысында өңірлік әуе қатынасын дамыту мақсатында L-410 ұшақтарын сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы жоспарлар облыс әкімі Асхат Шахаров пен чехиялық Omnipol Defence a.s. компаниясының басшылығы арасындағы кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу барысында тараптар әуе кемелерін жеткізу, авиация мамандарын даярлау және қажетті әуежай инфрақұрылымын жабдықтау мәселелеріне тоқталды. Omnipol Defence a.s. директорлар кеңесінің төрағасы Артем Мовсесян компанияның осы бағыттардағы мүмкіндіктерін таныстырды.

Асхат Шахаровтың айтуынша, қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру тетіктері Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп пысықталып жатыр. Облыс әкімі шағын авиацияны дамыту үшін әуе кемелерін сатып алумен қатар, мамандар даярлау және тиісті инфрақұрылым қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Жоба жүзеге асса, өңірлік әуе қатынасын жолға қоюға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар облыста әуежай инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Шалқар қаласында жаңа әуежай салуға қатысты конкурстық рәсім басталған. Omnipol өкілдері ұшу және техникалық құрамды даярлауға қатысуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ L-410 ұшақтарын пайдалануға қажетті жерүсті жабдықтарымен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылды.

Артем Мовсесянның сөзінше, холдинг құрамындағы Omnipol Airports бағыты шағын және орта әуежайлардың инфрақұрылымына маманданған. Компания жарық-сигналдық жабдықтар, әуе қозғалысын басқару және навигациялық жүйелер бойынша шешімдер ұсына алады.

Айта кетейік, L-410 ұшақтары Қазақстанда бұған дейін де қолданысқа енгізілген. 2023 жылдан бері L-410 UVP-E20 үлгісіндегі екі ұшақ Ақтөбеде орналасқан Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында пайдаланылып келеді. Бұдан бөлек, «Қазавиақұтқару» АҚ қарамағында L-410 NG үлгісіндегі төрт әуе кемесі бар.

L-410 — 19 жолаушыға дейін тасымалдайтын турбовинтті ұшақ. Ол қысқа және орта қашықтықтағы бағыттарға арналған әрі салыстырмалы түрде қысқа ұшу-қону жолақтарында жұмыс істей алады. Бұл ерекшелік ұшақты өңірлік және жергілікті әуе қатынасын дамытуға пайдалануға мүмкіндік береді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары