BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

"Ақтөбе – Ұлғайсын" автожолын жаңғырту 2029 жылы аяқталады

Дана Зарылханқызы
https://t.me/kolikpress
Бөлісу Telegram

Қазақстанда ұзындығы 260 шақырымнан асатын "Ақтөбе – Ұлғайсын" автожолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс жеті учаскеде қатар жүргізілуде. Жобаны толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазіргі уақытта жолдың жер төсемі дайындалып, асфальт жабыны төселуде. Сонымен бірге көпірлер, су өткізу құбырлары мен мал өткелдері салынып жатыр.

Ұзындығы 28 шақырым болатын алғашқы учаскеде (791–819-шақырымдар) негізгі жер жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінге дейін шамамен 3,6 миллион текше метр топырақ жұмысы атқарылған. Жолдың оң жақ бөлігінде 26 шақырымға, сол жақ бөлігінде 28 шақырымға жуық асфальтбетон жабыны төселген. Аталған учаскеде 45 су өткізу құбыры орнатылып, мал айдауға арналған бес өткел салынды. Сондай-ақ 24 шақырымға жуық қоршау қойылды. Құрылысқа 270-тен астам жұмысшы мен 150-ге жуық арнайы техника тартылған.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін осы жол бөлігінің екі бағытында да көлік қозғалысы ашылады. Ал реконструкция жұмыстары 2027 жылы толық аяқталуға тиіс. Қалған алты учаскеде де құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Олардың жалпы ұзындығы 230 шақырымнан асады. Жоспарланған 29 миллион текше метр жер жұмысының шамамен 7 миллион текше метрі орындалған.

Сонымен қатар жол негізін дайындау, инженерлік желілерді көшіру, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл учаскелерде 1300-ден астам маман мен мыңға жуық техника жұмылдырылған.

Жоба аясында қарастырылған 84 су өткізу құбыры мен мал өткелінің 22-сі орнатылды. Тоғыз көпірдің бесеуінде құрылыс жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 100 мың тоннаға жуық қиыршық тас дайындалып, шамамен 3 мың текше метр темірбетон бұйымдары өндірілген.

Мердігер ұйымдардың жұмысы техникалық бақылауда. Мамандар құрылыс сапасы мен белгіленген талаптардың сақталуын тұрақты тексеріп отырады.

Айта кетейік, "Ақтөбе – Ұлғайсын" автожолын жаңғырту "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізін дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Жоба аяқталғаннан кейін жолдың өткізу мүмкіндігі артып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі жақсарады деп күтілуде. Сондай-ақ жаңартылған жол өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары