Alatau City үшін 2 млрд долларлық келісімдер жасалды
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Alatau City жобасын Еуропа инвесторларына таныстыру сапарын аяқтады. Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларында өткен кездесулер нәтижесінде инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асатын 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Еуропалық роуд-шоудың соңғы кезеңі Германияның Майндағы Франкфурт қаласында ұйымдастырылды. Қазақстандық делегация жергілікті кәсіпкерлер мен қаржы ұйымдарына Alatau City жобасының мүмкіндіктерін таныстырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және технология салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Alatau City Investment Round Table атты дөңгелек үстелге халықаралық компаниялар, банктер мен инвестициялық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақмерзімді инвестиция тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану мәселелері қаралды.
Қанат Бозымбаев жаңа қаланы дамытудың негізгі басымдықтарына тоқталып, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті. Ал Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров инвесторларға қаланың даму тұжырымдамасын, болашақ жобаларын және шетелдік капитал тартуға жасалған жағдайларды таныстырды.
Германияда 715 млн долларлық келісімдер жасалды
Франкфурттағы келіссөздердің нәтижесінде Alatau City жобаларын банктік қаржыландыруға қатысты келісімдерге қол қойылды. Құжаттарды Alatau City Authority, Alatau City Bank, сондай-ақ Германияның AKA Bank және KfW қаржы институттары рәсімдеді.
Бұл ынтымақтастық инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және Германияда өндірілген жабдықтарды сатып алуға бағытталған.
Сонымен қатар қазақстандық делегация WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларының өкілдерімен кездесті. Тараптар инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, медициналық бұйымдар өндірісін жолға қою, активтерді токенизациялау және инвестициялық кеңес беру қызметтерін дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Берлин мен Франкфурттағы кездесулерді қамтыған Германия кезеңінде жалпы инвестициялық әлеуеті 715 миллион доллар болатын 18 келісім жасалды.
Еуропалық сапардың қорытындысы қандай?
Лондон, Берлин және Франкфурт қалаларында өткен келіссөздердің нәтижесінде Alatau City жобасына қатысты 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Олардың жиынтық инвестициялық әлеуеті 2 миллиард доллардан асады.
Келісімдер қаржы, инженерлік инфрақұрылым, білім беру, машина жасау, денсаулық сақтау, туризм және цифрлық экономика салаларын қамтиды.
Еуропалық роуд-шоу Alatau City жобасын халықаралық инвесторларға таныстырып, жаңа қаланың инфрақұрылымдық және технологиялық дамуына шетелдік капитал тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Айта кетейік, жарияланған 2 миллиард доллардан астам сома нақты игерілген инвестиция көлемін емес, қол қойылған құжаттардың жалпы инвестициялық әлеуетін білдіреді.