Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне шектеу қою мәселесі қарастырылып жатыр. Осыған байланысты журналистер Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтан әлеуметтік желіні шығармашылығын танытуға пайдаланатын жас блогерлер, музыканттар, спортшылар мен суретшілердің мүмкіндігі қалай болатынын сұрады, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Вице-министрдің айтуынша, дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін көпшілікке танытатын әлеуметтік желіден өзге де алаңдар жеткілікті.
«Егер бала шынымен талантты болса, оны жұрт бәрібір таниды. Қазір дарынды балаларды анықтауға арналған көптеген байқау, фестиваль және басқа да алаңдар бар. Сонымен қатар ата-аналарға балаларының жетістіктері туралы айтып, оларды көпшілікке таныстыруға ешкім тыйым салмайды», – деді Евгений Кочетов.
Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер балалардың шығармашылық қабілетін көрсетуіне кедергі келтіруді көздемейді. Негізгі мақсат – оларды әлеуметтік желідегі психологиялық қысымнан, кибербуллингтен және өзге де жағымсыз әсерлерден қорғау.
«Мәселе баланың талантын шектеу немесе олардың үнін бәсеңдету туралы емес. Ең алдымен балаларды психологиялық ықпалдан, кибербуллингтен және әлеуметтік желідегі басқа да теріс әсерлерден қорғау көзделіп отыр. Сондықтан бұл өзгеріс Қазақстандағы талантты балалардың азаюына әкеледі деп ойламаймыз», – деді вице-министр.
Заң жобасы қашан қабылдануы мүмкін?
Кочетовтің мәліметінше, тиісті түзетулер қазір Құрылтайда қаралып жатыр. Бірнеше жұмыс тобының отырысы өтіп, талқылау әлі жалғасуда. Сондықтан заң жобасының нақты қашан қабылданатыны әзірге белгісіз. Үкімет бұл ұсыныстарды маусым айының соңында енгізген. Енді құжат депутаттармен бірге талқыланады.
Заң жобасында 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу ұсынылған. Ал мессенджерлерге бұл шектеуді қолданбау қарастырылып отыр.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастаманы қолдап, мәселені басым тәртіппен қарастыруға шақырған. Сонымен бірге Мемлекет басшысы заң қабылданғанға дейін оны жүзеге асыру тетіктерін жан-жақты пысықтау қажет екенін атап өткен.