Алматыда метро нысандарының жер сілкінісіне дайындығын арттыру мақсатында үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
«Метрополитен» КМК базасында өткен жұмыс кездесуіне Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының» және метрополитен өкілдері қатысты.
Жиында қаладағы сейсмикалық ахуал мен метро нысандарының қауіпсіздігі талқыланды. Мамандар ықтимал қауіптердің алдын алу, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету және жауапты қызметтердің өзара байланысын күшейту мәселелеріне назар аударды.
Сонымен қатар тараптар маңызды ақпаратты жедел алмасу, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін жетілдіру және бірлескен оқу-жаттығулар мен басқа да іс-шараларды өткізу жөнінде пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында үш ұйым ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат төтенше жағдайларға дайындықты күшейтіп, ықтимал зардаптарды азайтуға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама Алматы тұрғындары мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі болмақ.