Алматы облысында ірі сусын зауыты ашылды

Алматы облысында ірі сусын зауыты ашылды
Gov.kz

Алматы облысының Боралдай ауылында Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауыты жұмысын бастады. Жобаға 344 млн доллар инвестиция салынған. Кәсіпорын жылына 1 млрд литрге дейін өнім өндіруге қауқарлы, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жаңа өндіріс орнында 230-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа шығарылып қана қоймай, ТМД елдеріне де экспортталады.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен, Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі, компания өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір әкімі жаңа кәсіпорынның іске қосылуы облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жоба инвестициялық белсенділікті күшейтіп, бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен зауыттың ашылуын Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нәтижесі деп атады. Ол жаңа өндіріс сауда көлемін арттыруға, жұмыс орындарын ашуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Салтанатты шара барысында қонақтар өндіріс желісін іске қосып, кәсіпорынның жұмысымен және өндірістік қуатымен танысты.

Жобаның алғашқы кезеңінде бес өндірістік желі жұмыс істейді. Мұнда түрлі дәмдегі сусындар шығарылып, олардың қаптамасы дайындалады. Кейін кәсіпорынның қоймалық және логистикалық инфрақұрылымын кеңейту жоспарланып отыр. Өндіріске қажетті шикізаттың бір бөлігі жергілікті жеткізушілерден сатып алынады. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өнімге деген сұранысты арттыруға бағытталған. Сонымен қатар зауытта су, электр энергиясы мен жылуды үнемдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялар енгізілген.

Осы күні Қонаев қаласында Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға арналған «Қазақстан – Дания» бизнес-форумы да өтіп жатыр. Жиында тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауда.