Алматы облысында бейнебақылау камерасына әдепсіз қимыл көрсеткен Mercedes-Benz жүргізушісі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Тәртіп сақшылары мониторинг кезінде Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 140-шақырымында келе жатқан көлік жүргізушісінің әрекетін байқап қалған.
Бейнежазбада жүргізушінің камераға жақындаған сәтте әдепсіз қимыл көрсеткені көрінеді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция көліктің орналасқан жерін анықтап, жүргізушіні тоқтатқан. Оның жеке басы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Тексеру кезінде жүргізушінің бейнебақылау камерасына жақындаған сәтте мемлекеттік тіркеу нөмірін қасақана жасырғаны да белгілі болды.
Аталған фактілер бойынша жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті баптары бойынша хаттамалар толтырылды.
Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау және құқық бұзушыны жауапкершілікке тарту үшін сотқа жолданды.