Алматы – ТМД-ның 2026 жылғы спорт астанасы
Алматыға «ТМД-ның 2026 жылғы спорт астанасы» мәртебесін растайтын ресми сертификат табысталды. Салтанатты рәсім 27 қыркүйекте Республика алаңында өткен 15-ші Almaty Marathon аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов, Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген өкілдер болды.
Алматыға аталған мәртебе беру туралы шешімді ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі 2024 жылғы 12 сәуірде қабылдаған. 2025 жылы ТМД-ның спорт астанасы Әзербайжанның Гянджа қаласы болса, 2026 жылы бұл мәртебе Алматыға берілді. Осы мәртебе аясында жыл бойы Алматыда халықаралық және республикалық жарыстар, бұқаралық спорт шаралары мен түрлі жобалар ұйымдастырылып келеді.
Сертификат табысталғаннан кейін ТМД-ға мүше мемлекеттердің Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Жиында тараптар спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, Алматы 2029 жылы X қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Қала мұндай құқыққа 2026 жылдың ақпанында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесі арасындағы келісімге қол қойылғаннан кейін ресми түрде ие болды.
Осылайша, Алматы 2011 жылғы қысқы Азия ойындарынан кейін 18 жыл өткен соң құрлықтың басты қысқы мультиспорттық додасын қайта қабылдайды.