Алматыда көрнекті ғалым, математик әрі ғылым ұйымдастырушысы Өмірзақ Сұлтанғазиннің ғылыми мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында ғалымның математика мен ғарыштық зерттеулердің дамуына қосқан үлесі сөз болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шара 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында ұйымдастырылды. Оған белгілі ғалымдар, ғылыми ұйымдардың өкілдері, академиктің әріптестері мен шәкірттері қатысты.
Өмірзақ Сұлтанғазиннің еңбек жолының елеулі бөлігі Ғылым академиясымен байланысты. Ол Математика және механика институтын басқарды, Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті болды. 1988–1994 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының, кейін Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті қызметін атқарды.
Жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғалымның отандық ғылымды дамытудағы және ғылыми ортаны қалыптастырудағы еңбегіне тоқталды. ҰҒА вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев Сұлтанғазиннің есептеу математикасы саласындағы зерттеулері мен қазақстандық математика мектебінің дамуына қосқан үлесі туралы баяндады.
Академик Бақытжан Жұмағұлов ғалым туралы естеліктерімен бөлісіп, оның еңбектері кейінгі зерттеушілер буыны үшін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Сондай-ақ Сұлтанғазиннің әріптестері мен шәкірттері ғалыммен бірге еңбек еткен жылдардағы естеліктерін ортаға салды.
Өмірзақ Сұлтанғазин математикамен қатар Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің дамуына да елеулі үлес қосты. Ол елімізде бұл бағытты жүйелі түрде қалыптастырудың бастауында тұрған ғалымдардың бірі саналады. Оның қызметі Ғарыштық зерттеулер институтының құрылуымен, ғылыми бағдарламаларды жүзеге асырумен, Жерді қашықтан зондтау технологияларын дамытумен тығыз байланысты.
Кездесуде ғалымның мұрасын сақтау және оны кеңінен таныту мәселесі де көтерілді. Қатысушылар Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімін ұлықтау және оны Қазақстанның көрнекті тұлғаларының «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу бастамасын қолдады.
Дөңгелек үстелді Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Математика және математикалық модельдеу институты ұйымдастырды.