Алматыда ауыр дертке шалдыққан балаларға паллиативтік көмек көрсететін алғашқы мамандандырылған бөлімше жұмысын бастады. Ол №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының базасында биыл тамыз айында ашылған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыға жұмыс сапары барысында бөлімшеге барып, балаларға медициналық көмек көрсету жағдайымен танысты. Қазақстанда балаларға паллиативтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасып келеді. Өткен жылдың желтоқсанында ұзақ үзілістен кейін балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты қайта қаралды.
Жаңартылған құжат медициналық көмектің тәртібін белгілейді. Сондай-ақ аурудың сипаты мен даму барысы, емдеу мүмкіндігі, мерзімінен бұрын қайтыс болу қаупі және паллиативтік көмекке қажеттілік ескеріліп, балаларға паллиативтік сүйемелдеу қажет болатын аурулар мен жағдайлар бес санатқа бөлінген.
Қазір елімізде паллиативтік көмекке мұқтаж 4 816 бала тұрақты бақылауда. Медициналық ұйымдарда осы бағыт бойынша 169 төсек жұмыс істейді.
2024 жылдан бері «Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі» жүйесінде паллиативтік көмек қажет балалардың жеке базасы жүргізіледі. Оның көмегімен пациенттерді есепке алу, қажетті медициналық көмектің көлемін жоспарлау және қызметтің қолжетімділігін бағалау көзделген.
Алматыда ашылған жаңа бөлімше ауыр созылмалы және емдеуге келмейтін аурулары бар балаларға тәулік бойы көмек көрсетеді. Мұнда әртүрлі бейіндегі дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінен құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Бөлімше өкпені жасанды желдету аппараттары, инфузиялық сорғылар, медициналық аспираторлар, науқастың өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылайтын мониторлар, оттегі беру жүйесі және басқа да қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған.
Паллиативтік көмектің негізгі мақсаты – баланың жағдайын барынша жеңілдетіп, өмір сүру сапасын жақсарту. Сонымен қатар ауырсыну мен өзге де белгілерді бақылау, отбасы мүшелеріне кәсіби қолдау көрсету және бала күтіміне көмектесу қарастырылған.
Елімізде бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін Балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы белгіленген. Орталық медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін бақылап, мамандарды даярлау және әдістемелік қолдау жұмыстарымен айналысады.