Алматыда қатерлі ісікті емдеуге роботтандырылған технологиялар енгізілді
Алматы онкологиялық орталығында қатерлі ісікті емдеуге арналған заманауи роботтандырылған технологиялар енгізілді. Жаңа жүйелердің жұмысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Орталықта күрделі операцияларды аз инвазивті әдіспен жасауға мүмкіндік беретін роботтандырылған хирургиялық жүйе қолданылады. Оның көмегімен үлкен тілік жасамай, бірнеше шағын тесік арқылы хирургиялық араласу жүргізуге болады.
Мамандардың айтуынша, роботтың жоғары дәлдігі ірі қан тамырларын зақымдау қаупін азайтып, қан құю қажеттілігін төмендетеді. Сондай-ақ операциядан кейінгі асқыну, қабыну және инфекция қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай операциядан кейін науқастардың ауырсынуы жеңілдеп, ауруханада жату мерзімі қысқарады. Соның нәтижесінде пациенттер күнделікті өміріне жылдамырақ орала алады.
Роботтандырылған жүйе хирургке операция жасалатын аумақты үш өлшемді әрі бірнеше есе үлкейтілген бейнеде көруге мүмкіндік береді. Дәрігер ұсақ жүйкелер мен қан тамырларын анық көріп, қимылдарды жоғары дәлдікпен орындай алады. Жүйе хирург қолының дірілін де бейтараптандырады.
Орталықта дәрі-дәрмекпен жұмыс істеуге арналған роботтандырылған дәріхана кешені де енгізілген. Сонымен бірге препараттарды жабық әрі герметикалық жағдайда дайындайтын жүйе жұмыс істейді.
Жаңа технология дәрілерді қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды дайындап, пациентке беруге дейінгі үдерісті автоматтандырады. Әр қаптамаға жеке цифрлық сәйкестендіру нөмірі беріледі. Осы арқылы препараттың қозғалысын бақылап, онымен жасалған барлық әрекетті тіркеуге болады.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, роботтандырылған технологиялар хирургиялық операциялардың дәлдігін арттырып қана қоймай, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қауіпсіздігін және емдеудің әр кезеңіндегі бақылауды күшейтеді.
Қазір Алматыда онкологиялық ауруы бар 38 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын 27 мыңнан астам пациент медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда көрсетілетін емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есе артқан.
Бес жылдық өмір сүру көрсеткіші де 46%-дан 75%-ға дейін өскен.
Орталықтағы роботтандырылған жүйелерді енгізу онкологиялық көмектің сапасы мен пациент қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болып отыр.