Алматыда робот-жеткізушілер мен жүргізушісіз көліктер сынала бастады

Алматыда робот-жеткізушілер мен жүргізушісіз көліктер сынала бастады
t.me/kolikpress

Алматыда жеткізуші роботтар мен жүргізушісіз көлік технологияларын сынақтан өткізу басталды. Жоба аясында робот-жеткізушілер іске қосылып, автономды көліктерге қажетті жоғары дәлдіктегі цифрлық картаны әзірлеу жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жобаның таныстырылымына Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов, Құрылтай депутаттары Екатерина Смышляева мен Абай Алтай және бизнес өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында жеткізуші робот арқылы алғашқы тапсырыс рәсімделді. Yandex Qazaqstan өкілдері құрылғының қала көшелерінде қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Робот қоршаған ортаны өздігінен бағдарлап, қажетті бағытты анықтай алады. Ол жолындағы кедергілерді танып, қауіпсіз қозғалыс бағытын таңдайды. Таныстырылым кезінде роботтың бағдаршамдарға әрекет етуі, жолдан өтуі және қалалық инфрақұрылым жағдайында қозғалуы көрсетілді.

Сонымен бірге Алматының жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасау үшін арнайы картографиялау көліктері жолға шықты. Лидарлар, камералар және басқа да сенсорлармен жабдықталған автомобильдер қала көшелеріндегі жол белгілері, таңбалар, бағдаршамдар, қиылыстар мен өзге де инфрақұрылым нысандары туралы мәлімет жинайды.

Осы деректер негізінде жол қозғалысының егжей-тегжейлі цифрлық моделі жасалады. Болашақта ол жүргізушісіз көліктерді, соның ішінде роботакси технологиясын дамытуға пайдаланылмақ.

Қазақстанда автономды көліктерді енгізуге арналған пилоттық жобаның қағидалары да әзірленген. Бұл технологияларды нақты жол жағдайында сынауға және оларды реттеу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Автономды көлік технологиялары елде кезең-кезеңімен енгізіледі. Жобаларды жүзеге асыру кезінде технологияларды сынау, нақты жол жағдайларын зерттеу және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріледі.