Арман Қырықбаев халықаралық мәдени форумға қатысты
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Санкт-Петербургте өткен XII Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты. Іс-шараға 43 шетелдік ресми делегация келді, оның 18-ін мәдениет министрлері бастап барды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Форум аясында Арман Қырықбаев Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимовамен кездесті. Кездесу басында Любимова Маңғыстау облысында қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның жұмысы мен бірлескен жобаларға назар аударылды. Комиссияның бесінші отырысын 2027 жылдың бірінші жартысында Астанада өткізу жоспарланып отыр.
Кездесуде алдағы мәдени іс-шаралар да сөз болды. 8 қазанда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Третьяков галереясының қорындағы ХХ ғасыр өнеріне арналған «Наследие эпохи» көрмесі ашылады. Көрермен назарына 30 туынды ұсынылады.
Бұдан бөлек, тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндерін» өткізу мәселесін қарастырды.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арман Қырықбаев Ольга Любимоваға II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Ресейдің Мәдениет министрі Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.