Астана әуежайында үш тілде фестиваль өтті
Астана халықаралық әуежайында Қазақстан халқының тілдері күніне орай тіл фестивалі ұйымдастырылды. Шара қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтіп, әуежайдың әртүрлі бөлімінде еңбек ететін қызметкерлердің басын қосты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын сайыста тіл білу деңгейін, кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілетін көрсетті.
Әуежай аппаратының басшысы Әділбек Абдықалықов қатысушыларды мерекемен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
Сайыс қорытындысында үздік командалар мен жекелеген қатысушылар түрлі аталым бойынша марапатталды. Сондай-ақ қызметкерлер арасында ұйымдастырылған корпоративтік диктантта үздік нәтиже көрсеткендерге сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль қызметкерлердің тіл үйренуге қызығушылығын арттыруға және көптілді ортада кәсіби қарым-қатынасты жетілдіруге бағытталған.