«Астана Балетте» заманауи хореография кеші өтті

«Астана Балетте» заманауи хореография кеші өтті
Gov.kz

«Астана Балет» театрында заманауи хореография кеші өтіп, көрермен назарына үш түрлі қойылым ұсынылды. Бағдарламаға «Love Fear Loss», «Жолдан тайған періштелер» және «Bolero X» балеттері енді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кеш бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» қойылымымен ашылды. Балет әйгілі француз әншісі Эдит Пиафтың өмірі мен шығармашылығынан шабыт алған. Хореография арқылы махаббат, қорқыныш, айырылысу мен жан күйзелісі бейнеленді. Пиафтың репертуарындағы музыкалық шығармаларды театр концертмейстері Құралай Қанапина фортепианода орындады.

Одан кейін чех хореографы Иржи Килианның «Жолдан тайған періштелер» бір актілі балеті сахналанды. «Астана Балет» театрында қойылымды Стефан Жеромски сахнаға бейімдеген. Балет америкалық композитор Стив Райхтың «Drumming Part 1» шығармасымен сүйемелденді. Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетовтің айтуынша, Килианның шығармалары музыка мен қимылдың үйлесімі және ерекше хореографиялық мәнерімен ерекшеленеді. Оның сөзінше, театр әртістері би арқылы кейіпкерлердің сезімі мен көңіл күйін жеткізе білген.

Кеш Морис Равельдің әйгілі «Болеро» шығармасын заманауи би тілімен ұсынған «Bolero X» қойылымымен аяқталды. Балет театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, оркестрге бас дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік етті.

Заманауи хореография кеші Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.