Ақмола облысының Қызылсуат ауылында газдандыру жұмыстары аяқталды. Енді елді мекендегі 730 абонент табиғи газ желісіне қосыла алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, ауылда газ инфрақұрылымын салу жұмыстары толық аяқталған.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ дерегіне сәйкес, жоба аясында 67,3 шақырым газ құбыры тартылды. Сондай-ақ бір газ реттеу пункті мен сегіз шкафтық газ реттеу пункті орнатылған.
Жаңа инфрақұрылым Қызылсуаттағы тұрғын үйлерді табиғи газға кезең-кезеңімен қосуға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2026 жылы Қазақстанда газдандыруға бағытталған 40 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жетеуі өткен жылдан жалғасқан жобалар. Барлық жоба аяқталғаннан кейін тағы 37 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Жоспар бойынша 2035 жылға қарай Қазақстан халқының 80 пайызы табиғи газбен қамтылуға тиіс.