Astana Media Week 2026: Үздік баспасөз хатшылары марапатталды

Astana Media Week 2026: Үздік баспасөз хатшылары марапатталды
Gov.kz

Астанада өтіп жатқан Astana Media Week 2026 медиа апталығының екінші күнінде мемлекеттік органдардың үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері анықталды. Сонымен қатар сала мамандары ақпараттық саясат, отандық контент, жарнама нарығы және жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Биыл “Үздік баспасөз қызметі” аталымында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі жеңімпаз атанды. Ал “Үздік баспасөз хатшысы” атағы Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменоваға берілді.

Марапаттау рәсімінен бөлек, медиа апталық аясында бірнеше маңызды кездесу ұйымдастырылды. Соның бірі – “Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер” тақырыбындағы сарапшылар талқылауы.

Жиынға Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, “Qazcontent” АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және “Власть” интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты.

Сарапшылар мемлекеттік органдардың қоғамға ақпарат тарату тәсілдерін, журналистермен байланысын және баспасөз қызметтерінің жұмыс сапасын арттыру жолдарын сөз етті.

Медиа апталықта қазақстандық шығармашылық индустрияның болашағына да назар аударылды. “Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?” атты пікірталаста отандық фильмдер мен медиажобаларды дамыту, көрермен сұранысына сай мазмұн әзірлеу және ұлттық контентті кеңінен таныту мәселелері көтерілді.

Талқылауға депутат Асхат Аймағамбетов, Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Алдан Нағашыбек, журналист Жазира Байдалы, режиссер Ернар Алмабек, кинорежиссер Жандос Құсайынов, Astana AI Film Festival негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн және басқа да сала өкілдері қатысты.

Бұдан бөлек, “Жарнама – медиа нарығының жаңа экономикасы” атты стратегиялық сессия өтті. Онда TikTok, Nur.kz, Orda FM, Sport+ Qazaqstan және K Research Central Asia компанияларының өкілдері жарнама нарығындағы өзгерістерді талқылады. Әсіресе цифрлық платформалардың ықпалы мен медиажобалардың табысын арттыру мүмкіндіктеріне көңіл бөлінді.

Бағдарламада тәжірибелік сабақтар да қамтылды. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари деректерді талдау арқылы басқару шешімдерін қабылдау тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ қатысушылар “Вайбкодинг: медианың жаңа технологиялық сауаты” LIVE-зертханасында заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеу тәсілдерін үйренді. Ал TikTok LIVE платформасына арналған сабақта медиажобаларды тікелей эфир арқылы дамыту жолдары таныстырылды.

Айта кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын бұл алаңға мемлекеттік мекемелердің, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының, технологиялық компаниялардың өкілдері жиналады.

Биылғы медиа апталықта жасанды интеллектіні ақпарат саласына енгізу, қазақстандық контенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және медиа мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.