Халықаралық Lonely Planet туристік басылымы Астананы 2027 жылы саяхаттауға ұсынылатын әлемдегі 50 бағыттың қатарына қосты, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астана әкімдігінің 23 қыркүйекте таратқан мәліметіне сәйкес, Lonely Planet-тің Best in Travel 2027 топтамасына 25 туристік бағыт пен саяхатшыларға арналған 25 ерекше тәжірибе енген. Қазақстан астанасы заманауи сәулеті мен футуристік келбеті үшін «Best for futuristic skylines» аталымымен ұсынылды.
Lonely Planet сарапшылары Астананың сәулетінде батыл әрі ерекше шешімдердің үйлескеніне назар аударған. Басылым елорданың көрнекті нысандары қатарында «Бәйтерек» монументін, «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығын, Бейбітшілік және келісім сарайын, «Қазақстан» орталық концерт залын және басқа да заманауи ғимараттарды атап өткен.
Астана әкімдігінің мәліметінше, қаланың Best in Travel 2027 тізіміне енуі Қазақстан астанасына дербес туристік бағыт ретінде халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ бұл елорданы әлемдік туристік нарықта кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Lonely Planet топтамасына Астанамен қатар Италияның Венето өңірі, Канаданың Квебек провинциясы, Қытайдың Чэнду қаласы, Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласы және Эквадордағы Галапагос аралдары да енген.
Бұған дейін Астана Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) нұсқасы бойынша әлемдегі инновациялық қалалардың үздік 15-тігіне кірген болатын.