Астанада тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек пен әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беру мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараға Еңбек инспекциясы, Әлеуметтік қорғау департаменті, Білім, Денсаулық сақтау, Спорт және Тұрғын үй басқармалары, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты. Жәрмеңкеге келген тұрғындар бос жұмыс орындарымен танысып, жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шартын жасасу, қызметкердің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде мамандардан кеңес алды.
Сонымен қатар мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау, білім беру, медициналық қызметтер, спорт үйірмелері мен секцияларына қатысу, тұрғын үй, міндетті әлеуметтік медициналық және әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сарыарқа және Байқоңыр аудандары Мансап орталығының директоры Бағила Орынбетованың айтуынша, жыл басынан бері осындай іс-шараларға 453 жұмыс беруші қатысып, 2 821 жұмыс іздеуші қамтылған. Оларға барлығы 3 665 бос жұмыс орны ұсынылған.
Нәтижесінде 17 адам тұрақты жұмысқа орналасып, тағы 19 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.