Астанада екі өңірдің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
10-11 қазан күндері Астанада Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жариялады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Екі өңірден елордаға жалпы көлемі 600 тоннадан асатын өнім жеткізу жоспарланған. Жәрмеңкеге келген тұрғындар ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, балық, жұмыртқа, бал, кептірілген жемістер және өзге де тауарларды тікелей өндірушілерден сатып ала алады.
Түркістан облысының шаруалары 60 тонна ет және ет өнімдерін, 260 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ 60 тоннадан астам сүт өнімдерін әкеледі. Бұдан бөлек, өңірден бал, кептірілген жемістер және басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізіледі.
Батыс Қазақстан облысының өндірушілері шамамен 50 тонна ет және ет өнімдерін, 80 мың дана жұмыртқа мен 11 тонна балық өнімдерін саудаға шығарады. Жәрмеңкеде өңірдің басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылады.
Жәрмеңке екі күн бойы сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Сауда алаңы "Қазанат" ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолының бойында орналасады.-