Астанада халықаралық "Астана кештері" өнер фестивалі өтті
Елордадағы "Астана Опера" театрында XV халықаралық "Астана кештері" өнер фестивалі ұйымдастырылды. Үш күнге созылған мәдени шараға Қазақстан мен шетелдің танымал өнерпаздары қатысып, көрермендерге әлемдік музыка жауһарларын ұсынды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
DEGDAR гуманитарлық қоры ұйымдастырған фестиваль биыл он бесінші рет өтті. Дәстүрлі өнер мерекесі Оңтүстік Африка Республикасынан келген әнші Белинда Дэвидстің концертімен басталды. Ол әлемге әйгілі Уитни Хьюстонның танымал әндерін орындап, көрерменге ерекше музыкалық кеш сыйлады. Концерттің арнайы қонағы ретінде италиялық рок әншісі Симоне Романато өнер көрсетті.
Фестивальдің екінші күні опера өнеріне арналды. "Астана Опера" сахнасында Non-Stop OPERA бағдарламасының премьерасы ұсынылды. Оған Астана, Алматы және Ташкент театрларынан келген тоғыз солист қатысты. Өнерпаздар 12 операдан 11 жеке ария мен алты дуэт орындады. Бағдарламаға Джоаккино Россинидің "Реймске саяхат" және Джузеппе Вердидің "Фальстаф" операларынан үзінділер енгізілді. Музыкалық кеште оркестрді Италиядан келген дирижер Этторе Пападиа басқарды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрермен назарына ұсынылған Non-Stop OPERA бағдарламасын алдағы уақытта "Астана Опера" театрының тұрақты репертуарына қосу жоспарланып отыр.
Фестивальдің қорытынды кеші классикалық музыкаға арналды. Беларусь дирижері Евгений Бушков жетекшілік еткен оркестр Антонио Вивальди, Иоганн Себастьян Бах, Георг Фридрих Гендель және Алессандро Марчеллоның шығармаларын орындады.
Сахнада француз гобойшысы Жером Гишар, қазақстандық флейташы Ержан Кушанов және Қазақстанның мемлекеттік FORTE TRIO триосы өнер көрсетті.
DEGDAR гуманитарлық қоры мен фестиваль директоры Лаура Ахметова жобаның еліміздің мәдени өміріндегі маңызына тоқталды.
"15 жыл ішінде фестивальге мыңнан астам өнерпаз қатысып, көрермен саны 100 мыңнан асты. "Астана кештері" – еліміздің мәдени құндылықтарын дәріптеп, өскелең ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және дүниетанымын кеңейтуге бағытталған бірегей жоба", – деді Лаура Ахметова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қазақстандық көрермендерді әлемдік классикалық және заманауи музыкамен таныстыру, отандық өнерпаздардың халықаралық шығармашылық байланыстарын кеңейту.
Айта кетейік, биылғы "Астана кештері" фестивалі DEGDAR гуманитарлық қорының құрылғанына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Осы уақыт ішінде жоба елордадағы маңызды мәдени іс-шаралардың біріне айналып, әлемнің әр түкпірінен келген өнер шеберлерін бір сахнада тоғыстырып келеді.