BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Астанада халықаралық Нан фестивалі өтті

Gov.kz
Бөлісу Telegram

Астанада Дүниежүзілік азық-түлік күніне орай 2026 жылғы Нан фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараны БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп өткізді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Фестиваль С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің алаңында өтіп, оған Венгрия, Польша, Словакия, Чехия, Бельгия, Германия және Бразилияның дипломатиялық өкілдері, халықаралық ұйымдар, фермерлер, ғалымдар, селекционерлер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен студенттер қатысты. Шетелдік қонақтар өз елдерінің нан пісіру дәстүрлері мен ұлттық тағам мәдениетін таныстырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – азық-түліктің тұқым мен топырақтан бастап, дайын нан ретінде дастарқанға жеткенге дейінгі жолын көрсету. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы ғылымның, сапалы тұқымның, жаңа технологиялардың және сала мамандары еңбегінің маңызына назар аударылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әр бөлке нанның артында ғалымдар, шаруалар мен өңдеу саласы мамандарының еңбегі тұрғанын атап өтті.

«Бұл іс-шара нанның топырақ пен тұқымнан біздің дастарқанымызға дейінгі жолын көрнекі түрде көрсетеді. Фестиваль қоғамның осы еңбекке назарын аударып, ғылым, өндірушілер мен әріптестер арасындағы диалог үшін тиімді алаңға айналады деп сенемін», – деді вице-министр.

Ол ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» бастамасына да тоқталды. Оның сөзінше, селекция мен тұқым шаруашылығын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және тұқым сапасын арттыру ауыл шаруашылығы өнімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

Вице-министр Қазақстанда соңғы екі жылда астық өнімділігі бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркелгенін айтты. Елде орта есеппен 27 млн тоннаға жуық астық жиналса, өткен маусым қорытындысында астық экспорты 15,5 млн тоннаға жеткен.

Қазақстандағы ФАО бағдарламаларының үйлестірушісі Жаныл Бозаева нанның бүкіл азық-түлік жүйесін біріктіретін маңызды символ екенін атап өтті.

Фестиваль аясында «Тұқымдар және инновациялар» аймағы жұмыс істеп, онда отандық сорттар, заманауи тұқым шаруашылығы мен аграрлық саладағы инновациялық шешімдер таныстырылды. Ал «Бидай және нан» алаңында келушілер дәннің ұнға, кейін дайын өнімге айналу үдерісімен танысты.

Бағдарламадағы ерекше шаралардың бірі – Бауырсақ фестивалі болды. Қонақтар дәстүрлі тағамның үлкен қазанда дайындалуын тамашалап, бауырсақтың тарихы мен ұлттық мәдениеттегі орны туралы ақпарат алды. Балалар мен отбасыларға арналған арнайы аймақта «Менің болашақтағы тағамым» сурет байқауы, нан безендіру шеберлік сабақтары және дән мен тұқымға арналған танымдық ойындар өткізілді. Фестиваль дәстүрлі музыка, би және жастардың өнер көрсетуімен жалғасты. Сондай-ақ отандық кәсіпорындар ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігіне қоғам назарын аудару, тұрақты агроазық-түлік жүйесін дамыту және ауыл шаруашылығындағы инновациялардың маңызын көрсету.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары