Астанада құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған жоба әзірленді
Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Заң мен тәртіп – Адал азамат жолы» жобасы әзірленді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жоба Құқық қорғау органдары академиясы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен өткізген үш күндік семинар-тренинг барысында дайындалды.
21 қыркүйекте Астана қаласының прокуратурасында өткен қорытынды жиынға қала прокуроры Ғабит Мұқанов, Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров және жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Семинар барысында мамандар ведомстволар арасындағы байланысты күшейту, жұмысты үйлестіру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын қарастырды.
Әзірленген жоба құқық бұзушылыққа себеп болатын жағдайларды азайтуға, мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын жақсартуға және қабылданған шаралардың нәтижесін нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға бағытталған.
Жиын қорытындысында жоба мақұлданып, оны Астана қаласы прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесіне ұсыну туралы шешім қабылданды.