Астанадағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің станциялары мен вагондарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
LRT жүйесіндегі 18 станция мен вагондарда Көліктегі полиция департаментінің арнайы бөлім қызметкерлері кезекшілік атқарады. Полиция жасақтары платформалар мен пойыздарды тұрақты патрульдеп, жолаушылардың белгіленген ережелерді сақтауын қадағалайды. Негізгі назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылған. Полицейлер ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда мас күйде жүру секілді әрекеттердің жолын кесіп, жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар азаматтарға тазалық сақтау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және вандализмге жол бермеу қажеттігі ескертіледі.
Профилактикалық жұмыстар басталғалы полиция 41 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Барлық дерек бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Тәртіп сақшылары жолаушыларға көмек те көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін 200-ден астам жоғалған зат табылып, заңды иелеріне қайтарылған.
Қауіпсіздікті күшейту үшін LRT станциялары мен жылжымалы құрам бейнебақылау камераларымен, дабыл және шұғыл байланыс жүйелерімен жабдықталған. Бұл құралдар төтенше немесе күдікті жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Көлік полициясы жолаушыларды қоғамдық тәртіпті сақтауға және күдікті жағдайлар мен құқық бұзушылықтарды байқаған жағдайда полицияға дереу хабарлауға шақырды.