Астанада материалдық емес мәдени мұраны сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелеріне арналған үш күндік халықаралық оқыту семинары басталды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтіп жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
«Жанды мұраны сақтау мен жеткізу тәжірибелері» атты семинар ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенциясын іске асыруға бағытталған.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, музей және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ өңірлерден келген мамандар қатысуда. Жалпы қатысушылар саны – 30 адам.
Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев Қазақстанның ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның қатысуымен 14 элемент Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Қазір жаңа номинациялық материалдарды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова жергілікті қауымдастықтардың қатысуы мен номинациялық құжаттарды сапалы дайындаудың маңызын атап өтті.
Семинар барысында Қазақстан, Қырғызстан және Таиландтан келген ЮНЕСКО халықаралық фасилитаторлары қауымдастықтарды мұраны сақтау жұмысына тарту, өңірлерде зерттеу жүргізу және номинациялық материалдарды әзірлеу тәжірибелерімен бөліседі.
Сонымен қатар Қазақстанда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде «Қазақстанның жанды мұрасы» ұлттық баяндамасы әзірленген. Қазіргі таңда ЮНЕСКО тізімдеріне ұсыну үшін екі номинациялық досье, ал ИСЕСКО аясында он досье дайындалып жатыр.