Астанада мұғалімдер AI мүмкіндігін сынады
Астанада Мұғалімдер күні мен Еңбек күніне орай «Педагог × AI: Болашақтың білімі» атты қалалық байқау өтті. Сайыста үш мектептің ұстаздары бес кезең бойынша сынға түсіп, мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін салыстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Байқау барысында ұстаздың қоғамдағы орны, жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдану және заманауи технологияларды сабақ үдерісіне тиімді енгізу мәселелері талқыланды.
Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы мұндай жобалар педагогтердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, байқаудың басты ерекшеліктерінің бірі – мұғалімдердің өнерін оқушылардың бағалауы.
Сайысқа Астанадағы №13, №15 және №17 мектептердің құрама командалары қатысты. Бес кезеңнен тұратын жарыста педагогтер дәстүрлі оқыту тәсілдері мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Қатысушылар теориялық біліммен қатар, түрлі педагогикалық жағдайда дұрыс шешім қабылдау, оқушылармен және ата-аналармен тіл табысу, күрделі ақпаратты қарапайым әрі түсінікті жеткізу қабілеттерін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың пайымынша, технология дамып, білім беру жүйесі өзгергенімен, мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс өзінің маңызын жоғалтпайды. Жасанды интеллект ұстаздың орнын басатын құрал емес, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтіп, білім сапасын арттыруға көмектесетін технология ретінде қолданылуы тиіс.