Астанада Отырар мен Түркістан тарихына арналған көрме ашылды
Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде "Отырар-Түркістан: ортағасырлық ирригация және егіншілік мәдениеті" атты республикалық көрме ашылды. Экспозицияда өңірдің ежелгі суару жүйелері мен егіншілік дәстүрінен сыр шертетін құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Тарихи-мәдени шараны "Отырар" мемлекеттік археологиялық музей-қорығы, "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және ҚР Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырды. Ашылу салтанатына ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен жастар қатысты.
Көрменің ашылуында Ұлттық музей директорының орынбасары Ақмарал Ибраева сөз сөйлеп, тарихи мұраны сақтау мен оны көпшілікке таныстырудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ іс-шараға "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, "Отырар" мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов және музей саласының ардагері Рахия Жүзбаева қатысты. Олар Отырар мен Түркістан аумағында қалыптасқан суармалы егіншіліктің өңір тарихындағы орнына тоқталды.
Экспозициядан археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталған су арналары мен каналдарға қатысты материалдарды, егіншілік құралдарын, астық өңдеуге арналған бұйымдарды және басқа да тарихи жәдігерлерді көруге болады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрме орта ғасырларда Отырар-Түркістан өңірі тұрғындарының суды қалай пайдаланғанын, егіншілікті қалай дамытқанын және шаруашылықты қалай жүргізгенін таныстыруға бағытталған. Сонымен қатар ұсынылған тарихи материалдар арқылы келушілер өңірдің сол кезеңдегі экономикалық және мәдени даму ерекшеліктері туралы мағлұмат ала алады.
Көрме 9 қарашаға дейін Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары Отырар мен Түркістанның бай тарихи мұрасымен жақынырақ таныса алады.