Астанада PSG Academy Kazakhstan ашылады
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық PSG Academy желісінің техникалық директоры Бенжамен Уримен кездесіп, Қазақстанда академия ашу жобасының дайындық барысын талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесуде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, қазақстандық жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және жас спортшыларды даярлауда халықаралық әдістемелерді қолдану мәселелері қаралды.
Қазір жоба ұйымдастыру және техникалық дайындық кезеңінде. Академияның техникалық басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы жасақталған. Отандық мамандар PSG Academy-дің бірыңғай оқу-жаттығу жүйесі бойынша жұмыс істеп, француз клубының сарапшыларынан тұрақты түрде әдістемелік қолдау алады.
Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Бенжамен Ури академия жүйесінде 17 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол жергілікті жаттықтырушыларға балаларды даярлау әдістемесі бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізді.
Алғашқы оқу-жаттығу орталығы Астанадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сәйкес жабдықталған жабық футбол алаңы жыл бойы жаттығу өткізуге мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы кезеңінде 6-14 жас аралығындағы шамамен 300 ұл мен қызды қабылдау жоспарланған. Балалар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай PSG Academy-дің ресми бағдарламасы негізінде жаттығады.
Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші мемлекет болды. 2005 жылы құрылған академияның бүгінде әлемнің әр елінде 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы жұмыс істейді. Оларда жыл сайын 50 мыңнан астам жас футболшы жаттығады.
Алдағы уақытта академия орталықтарын Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашу мүмкіндігі қарастырылады. Академияның нақты жұмыс бастау күні, қабылдау талаптары мен тіркелу тәртібі дайындық жұмыстары аяқталған соң жарияланады.