Астанада тәулігіне 1000 адам қабылдайтын медициналық кешен ашылады
Астанада №2 көпбейінді қалалық аурухана базасында жаңа қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Құрылыс барысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты. Ол қабылдау бөлімін, операциялық және реанимациялық палаталарды, диагностикалық кабинеттерді аралап, дәрігерлермен кешеннің пациенттерді қабылдауға дайындығын талқылады.
Жаңа медициналық нысан тәулігіне 850-ден 1000-ға дейін пациент қабылдауға есептелген. Кешен Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жергілікті бюджет қаражатына салынып жатыр. Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын бес қабатты ғимаратта диагностикалық қызметтер, операциялық блоктар, травматология бөлімшелері мен инсульт орталығы орналасады. Мұнда 118 төсек қарастырылған, оның 18-і реанимацияға арналған.
Кешенде шұғыл медициналық көмек «пациенттің бірыңғай маршруты» қағидаты бойынша көрсетіледі. Яғни науқасты қабылдау мен диагностикадан бастап операция жасау және кейінгі емдеуге дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктіріледі. Акушерлік бейіндегі пациенттерге, жалпы пациенттер ағынына және травматологиялық пунктке келушілерге бөлек кіреберістер қарастырылған.
Сондай-ақ кешенде елорданың сол жағалауындағы ересек тұрғындарға қызмет көрсететін травматологиялық пункт жұмыс істейді. Ол тәулігіне 100-120 адам қабылдай алады. Медициналық мекеме компьютерлік томограф, қуаты 3 Тесла болатын МРТ, ангиограф, рентген және ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жабдықталады. Жаңа операциялық блоктар күрделі хирургиялық араласуларды, соның ішінде ауыр жарақаттар мен қан тамырлары аурулары кезінде операция жасауға мүмкіндік береді.
Инсульт алған және ауыр жарақаттанған пациенттер үшін әрқайсысы 40 төсектен тұратын мамандандырылған бөлімшелер ашылады. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелерге шұғыл көмек көрсетуге арналған неонаталдық үстелдер мен тасымалдау кювездері қарастырылған.
Ауруханада бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесі де енгізіледі. Оның көмегімен дәрігерлер операциялық және реанимациялық бөлімдердегі пациенттердің жағдайын орталықтандырылған түрде бақылай алады.
Жаңа кешенде барлығы 150 жұмыс орны қарастырылған. Оның 50-і – жаңадан ашылатын жұмыс орны.
Жаңа қабылдау-диагностикалық кешеннің іске қосылуы елорда тұрғындарының заманауи диагностика мен шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.