Астанада ЖИ дәуіріндегі телекоммуникацияның жаңа бағыты талқыланды
Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында «ЖИ дәуіріндегі телекоммуникациялық инфрақұрылым» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараға Қазақстанның ірі байланыс операторларының басшылары, халықаралық сарапшылар және мемлекеттік орган өкілдері қатысып, жасанды интеллект технологиялары кеңінен енгізіліп жатқан кезеңде телекоммуникациялық желілерді жаңғырту мәселелерін талқылады.
Пікірталасқа ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков, GSMA Еуразия өңірінің директоры Таир Исмаилов, Kcell басқарма төрағасы Асқар Жамбакин, Beeline Қазақстан Холдингінің басқарма төрағасы Джаббор Каюмов, Tele2/Altel басқарма төрағасы Александр Бабичев және Freedom Telecom Holding бас директоры Қайрат Ахметов қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы — жасанды интеллект дәуірінде цифрлық инфрақұрылымға қойылатын жаңа талаптар. Мамандар деректер көлемінің ұлғаюы мен ЖИ-модельдерінің күрделене түсуі желілерден тек жоғары жылдамдықты ғана емес, төмен кідіріс, тұрақтылық және есептеу жүйелерімен тығыз ықпалдасуды талап ететінін атап өтті.
Сессия барысында 5G желілерін одан әрі дамыту, болашақ 6G стандарттарына дайындық, талшықты-оптикалық инфрақұрылымды кеңейту, edge computing технологияларын енгізу және желілерді интеллектуалды басқаруда ЖИ қолдану мәселелері қаралды.
Дамир Сейсембеков Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға қажетті құқықтық база қалыптаса бастағанын айтып, ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейіне қарай жіктеу және ұлттық ЖИ платформасымен жұмыс істеу тәртібі әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, AI-экономиканың дамуы телекоммуникациялық инфрақұрылымның рөлін түбегейлі өзгертеді. Ел дәстүрлі байланыс желілерінен пайдаланушыларды, автономды жүйелерді, деректер орталықтары мен үлестірілген есептеу қуаттарын біріктіретін икемді инфрақұрылымға көше бастады.
Қазақстанның кең аумағын ескере отырып, оптикалық байланыс арналары, 5G, edge computing және спутниктік байланысты қатар қамтитын гибридті модельге басымдық берілмек.
Панельде Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды телекоммуникациялық торап ретіндегі мүмкіндігі де сөз болды. Сондай-ақ шекарааралық деректер алмасудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық ІТ-компанияларды қолдау, ЖИ шешімдерін сатып алуда жергілікті әзірлеушілерге басымдық беру тетіктері талқыланды.
Сессия соңында қатысушылар Қазақстанның өңірдегі технологиялық көшбасшылық орнын күшейту, деректерді өңдеу орталықтарының орнықты экожүйесін қалыптастыру және елдің цифрлық байланыс инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.