Астанада жылыту маусымына дайындық күшейтілді
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Сарайшықта пешпен жылытылатын 43 үй есепке алынған. Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұратын 9 үйдің мұржасы тазартылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Сондай-ақ жыл басынан бері 30-ға жуық үйге автоматты түтін датчиктері қойылған. Жыл соңына дейін мұндай құрылғылардың санын 150-ге жеткізу жоспарланып отыр.
«Бүгінде ықтимал қауіп тобына кіретін, әлеуметтік аз қамтылған тоғыз үйдің мұржасын тазалап беріп жатырмыз. Бүгінгі жұмыстар Бәйшешек пен Қапал көшелерінде жүргізілді», – деді Сарайшық ауданы әкімдігі тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ислам Ибраим.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұржаларды жылыту маусымы басталмай тұрып тазалау қажеттігін ескертеді. Егер жаз-күз айларында мұржа күйеден тазартылмаса, пеш жағылған кезде түтін үй ішіне таралып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Мамандар пештің жағдайын да үнемі бақылауда ұстауға кеңес береді. Пештің алдында көлемі кемінде 70х40 сантиметр болатын металл қорғаныш болуы қажет. Кірпіштері жарылмаған, ал маңайы жанғыш заттардан таза болуы тиіс.
Сонымен қатар пеш маңында ағаш немесе аяқкиім кептіруге, отты тез тұтанатын сұйықтықтармен жағуға болмайды. Мұндай әрекеттер өртке немесе адамның күйік алуына әкелуі мүмкін.
Сарайшық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Бағлан Нұрбаевтың айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындайды.