BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Астанадағы алғашқы UNICEF Charity Run жарысына 2 мың адам қатысты

Дана Зарылханқызы
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi
Бөлісу Telegram

Астанада алғаш рет UNICEF Charity Run қайырымдылық жүгірісі өтті. Ботаникалық бақта ұйымдастырылған шараға балалар мен ересектерді қоса алғанда, 2 мыңға жуық адам қатысты. Жарыстың негізгі мақсаты – Қазақстанда инклюзивті қоғам құру идеясын қолдау, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша жүгірді. Жарысқа кәсіпқой спортшылармен қатар әуесқойлар, отбасылар, балалар мен қоғам белсенділері қатысты. Балалар мен мүгедектігі бар азаматтар үшін қатысу тегін ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында жиналған қаражат Қазақстандағы балаларға тең мүмкіндік беруге бағытталған ЮНИСЕФ бағдарламаларын қолдауға жұмсалады.

ЮНИСЕФ мәліметінше, Қазақстанда шамамен 120 мың мүгедектігі бар бала тұрады. Инклюзия тек физикалық ортадағы кедергілерді жоюмен шектелмейді. Ол балалардың білім алуына, спортпен айналысуына, дамуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауды қамтиды. 2024 жылғы MICS ұлттық зерттеуіне сәйкес, 2-4 жас аралығындағы әр төртінші баланың даму деңгейі күтілетін көрсеткішке жетпеген. ЮНИСЕФ бұл деректер балаларға ерте жастан қажетті қолдау көрсетудің маңызын көрсететінін атап өтті.

Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бүгінде ел халқының 44,5 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвар шараның басты мақсаты әр баланың мүмкіндігін мүгедектігіне қарамастан дамытуға жағдай жасау екенін айтты.

UNICEF Charity Run бұған дейін Дубай, Лондон, Нью-Йорк, Сидней, Гонконг және Минск сияқты қалаларда ұйымдастырылып келген. 2026 жылы Астана бұл халықаралық бастамаға алғаш рет қосылды. Ұйымдастырушылар қайырымдылық жүгірісін елордада жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Жарысты Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы, Астана әкімдігі, Спортты қолдау қоры және Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары