BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Астанадағы HackAlem AI әлемдік рекорд орнатты

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Астанада өткен HackAlem AI хакатоны қатысушылар саны бойынша Guinness World Records әлемдік рекордын жаңартты. Іс-шараға талаптарға сай 2 415 адам қатысқан, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұған дейінгі рекорд 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында тіркелген. Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонға сол кезде 2 089 адам қатысқан еді.

Guinness World Records ресми төрешісі Гленн Поллардтың айтуынша, рекордты тіркеу кезінде қатысушылардың саны ғана емес, олардың іс-шараға нақты қатысуы мен белгіленген талаптарды орындауы да тексерілген.

Хакатонға келгендер тіркеуден өтіп, жеке басын растады. Олардың алаңға кіріп-шығуы арнайы бейдждерді сканерлеу арқылы есепке алынды. Әр сектордағы тәртіп пен талаптардың орындалуын стюардтар бақылаған. Қорытынды есепке хакатон барысында жобалармен тікелей жұмыс істеп, барлық талапты орындаған 2 415 қатысушы енгізілді.

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл жетістікті Қазақстанның технологиялық қоғамдастығының әлеуетін көрсететін маңызды нәтиже деп атады. Оның айтуынша, хакатонда әзірленген жобаларды прототип деңгейінен нақты қолданысқа дейін жеткізуге басымдық беріледі.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев те рекордтың артында жас әзірлеушілер, студенттер мен жасанды интеллект саласына қызығушылық танытқан мамандар тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, HackAlem AI Қазақстанда технологиялық мамандардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетті.

HackAlem AI жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға арналған AI Month бағдарламасының алғашқы іс-шарасы болды. Бағдарлама AI & Digital Bridge 2026 қарсаңында және Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

Хакатонды мемлекеттік органдар, Astana Hub және бірқатар отандық әрі халықаралық технологиялық ұйымдар мен компаниялар қолдады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары