Астанаға келген туристер саны жарты жылда 12%-ға өсті

Астанаға келген туристер саны жарты жылда 12%-ға өсті
https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Астанаға шамамен 830 мың турист келген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12%-ға жоғары. Оның 187 мыңға жуығы шетел азаматтары. Бұл деректі Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық туристік форумының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Биылғы форум «Қауіпсіз туризм» тақырыбына арналды. Жиынға мемлекеттік органдар, туристік компаниялар, әуе тасымалдаушылары, қонақүй саласының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен салалық қауымдастықтар қатысты. Қатысушылар туристердің қауіпсіздігі, көлік қатынасы, қызмет көрсету сапасы, туризм инфрақұрылымы және мемлекет пен бизнестің әріптестігін талқылауда.

Қазір елордада оқиғалық, іскерлік, мәдени және медициналық туризм бағыттары дамып келеді. Туристердің сұранысын арттыру үшін жаңа нысандар ашылып, халықаралық қонақүй желілері тартылып, ірі мәдени, спорттық және іскерлік іс-шаралар саны көбейіп келеді.

Жыл сайын Астанаға 1,6 миллионнан астам турист келеді. Қалаға келушілер саны орта есеппен жылына 10–12%-ға өсіп отыр.

Әкім орынбасарының айтуынша, ендігі мақсат — туристердің елордада көбірек уақыт өткізіп, қайта келуіне жағдай жасау. Осы бағытта оқиғалық туризмді дамыту маңызды рөл атқарады. Халықаралық концерттер, спорттық жарыстар, іскерлік және мәдени іс-шаралар туристік ағынды көбейтіп, қонақтардың қалада болу мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Туристік инфрақұрылымды жетілдіру мен іс-шаралар күнтізбесін кеңейту Астананың халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.