Атырау әкімі Шакир Кейкин қызметінен кетті

Атырау әкімі Шакир Кейкин қызметінен кетті
Gov.kz

Атырау қаласының әкімі Шакир Кейкин қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымды 2023 жылдың шілдесінен бері атқарып келген, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпаратты әкімдік аппараты растады. Шакир Кейкин қала әкімі қызметіне 2023 жылғы 10 шілдеде тағайындалған болатын.

Әзірге оның қызметтен кету себебі ресми түрде айтылған жоқ. Қаланың жаңа әкімі кім болатыны да жарияланбады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов пен «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Сонымен қатар Шакир Кейкиннің Атырау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне түсініктеме беру үшін шақырылғаны хабарланған.

Кейін адвокат Нұрлан Жолболов қала әкімі мен оның орынбасарының қылмыстық іс аясында жауап бергенін мәлімдеді. ҰҚК бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, істің мән-жайын жарияламады.

Шакир Кейкин туралы

Шакир Кейкин 1970 жылы Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолында Құлсары қаласының әкімі, Атырау қаласы әкімінің орынбасары және Мақат ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Атырау қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда департаментін басқарды.