BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Атыраулық компанияға 1,4 млрд теңге айыппұл салынды

Дана Зарылханқызы
ЖИ арқылы жасалған
Бөлісу Telegram

Атырау облысындағы «Потенциал Ойл» ЖШС экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл төледі. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кәсіпорынның қызметін Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары тексерген. Тексеру барысында бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, кәсіпорында өндірістік экологиялық бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген. Ағынды суларды бақылау кезінде белгіленген талаптар сақталмаған. Міндетті экологиялық есептілік те уақытында тапсырылмаған, кей жағдайда мәліметтер қате берілген.

Сонымен қатар кәсіпорын тиісті рұқсатсыз ластаушы заттарды шығарып, жекелеген жұмыстарды жүргізген. Рұқсат етілген шығарындылар көлемінен асып кету, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды басқару талаптарын бұзу фактілері де тіркелген.

Тексеру кезінде қажетті рұқсаттар мен бекітілген лимиттер болмағанына қарамастан, ластанған топырақ пен түптік шламның жинақталғаны анықталған. Бұдан бөлек, қалдықтарды басқару бағдарламасындағы көрсеткіштер кәсіпорында нақты пайда болатын қалдық көлеміне сәйкес келмеген.

Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 37 хаттама толтырылып, жеті қаулы шығарылған. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 1 433 815 923 теңгені құрады.

Компания бұл шараларға шағым түсіргенімен, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар кәсіпорынның талаптарын қанағаттандырмады.

Қазіргі таңда 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне түсті.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атырауда ауадағы күкіртсутек деңгейінің жоғары болу себептерін атаған еді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары