BASPASOZТолық нұсқа
Спорт

Аяна Болатбекқызы Азиададан шеттетілді

Inst: aiana_bolatbekkyzy
Бөлісу Telegram

Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызы Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарына қатысудан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық допингке қарсы тестілеу агенттігі (ITA) мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Спортшыдан 27 қыркүйекте Нагоя қаласында жарыс кезіндегі допинг бақылауы аясында сынама алынған. Зерттеу нәтижесінде синтетикалық анаболикалық стероид – дростанолон метаболиті анықталған. Аталған зат Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген және оны жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға болмайды.

ITA мәліметінше, спортшыға антидопинг ережесін бұзу ықтималдығы туралы хабарланған. Уақытша шеттету бірден күшіне енген және іс бойынша шешім шыққанға дейін жалғасады.

Шеттету кезеңінде Аяна Болатбекқызы жарыстарға қатыса алмайды, жаттығу өткізуге, жаттықтырушылық қызметпен айналысуға және Аичи-Нагоя Азия ойындарына қатысты кез келген іс-шараға қатысуға құқығы жоқ.

Спортшы уақытша шеттетуге Спорттық арбитраж сотының Антидопингтік бөлімінде (CAS ADD) шағым түсіре алады. Сонымен қатар В сынамасын қайта тексеруді талап етуге құқылы.

ITA іс қаралып біткенше қосымша ақпарат берілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 26 қыркүйекте Аяна Болатбекқызы Азия ойындарында 1500 метрге жүгіруден финалға қатысып, 4 минут 30,27 секунд нәтижесімен оныншы орын алған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары