Қарағанды облысында туризм саласын дамыту және демалушыларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірдегі басты туристік бағыттардың бірі саналатын Балқаш көлінің жағалауында демалыс орындары жаңартылып, қызмет көрсету инфрақұрылымы кеңейтілуде, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Балқаш жағалауында туристерді қабылдауға арналған нысандардың бірі – PREMIUM VILLA BALKHASH демалыс кешені. Мұнда отбасымен тынығуға, туристерді орналастыруға және түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға қажетті жағдай жасалған.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында туристерді қабылдайтын 293 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Соның 103-і Балқаш курорттық аймағында орналасқан.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі қонақүйлер мен демалыс орындары 444 187 адамға қызмет көрсеткен. Оның 182,9 мыңы Балқаш курорттық аймағында демалған.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында облыстағы орналастыру орындарына 191 022 адам келген. Олардың 72 861-і Балқаш жағалауындағы демалыс нысандарын таңдаған.
Балқаш маңында туристік инфрақұрылымды дамыту өңірге келетін демалушыларға қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және ішкі туризмнің өркендеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа демалыс нысандарының ашылуы жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етуі мүмкін.