Бас прокуратура қазақстандықтарды жалған инвестициялық жобалардан сақ болуға шақырды

Бас прокуратура қазақстандықтарды жалған инвестициялық жобалардан сақ болуға шақырды
ЖИ арқылы жасалған

Бас прокуратура қазақстандықтарды инвестиция арқылы жоғары табыс табуға уәде беретін алаяқтардың жаңа схемасынан сақ болуға шақырды. Бұл туралы ведомство 16 қыркүйекте мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Құзырлы органның мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларында жалған жарнамалар жариялайды. Олар танымал адамдардың бейнесін жасанды интеллект арқылы өңдеп, дипфейк видеолар жасайды. Сондай-ақ жоғары пассивті табыс әкеледі деген жалған инвестициялық платформаларды ұсынады.

Мұндай жарнамаларда Quantum AI жобасы Илон Маскпен, TON платформасы Павел Дуровпен байланыстырылып көрсетіледі. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» немесе «Газпромға» инвестиция салуға шақыратын ұсыныстар және «Хабар24», КТК мен «Первый канал» телеарналарының танымал жүргізушілері пайдаланылған жалған материалдар кездеседі.

Бас прокуратураның хабарлауынша, соңғы бір жарым айда Қазақстан бойынша осындай алаяқтықтың 119 дерегі тіркелген.

Мәселен, қыркүйек айында Талдықорған тұрғыны аса ірі көлемде алаяқтық жасалғаны туралы полицияға арызданған. Әйел Instagram желісінен акцияларды сатып алып-сату арқылы көп мөлшерде табыс табуға болатындығы туралы жарнаманы көрген. Сілтеме арқылы өтіп, жеке және байланыс деректерін қалдырған. Кейін онымен алаяқтар байланысып, олардың нұсқауын орындаған әйел үш адамның шотына 7 миллион теңгеден астам ақша аударған. Алайда оның қаражаты мен есептелген делінген дивидендтер жалған электронды әмиянда ғана көрсетілген. Ақшаны шешіп алу мүмкін болмаған. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Бас прокуратура азаматтарды инвестициядан кепілдендірілген жоғары табыс ұсынатын жарнамаларға сенбеуге шақырды. Ақша салмас бұрын компания мен инвестициялық жобаның шынайылығын өз бетінше тексеру қажет.

Сондай-ақ күмәнді қоңыраулар мен хабарламалар келген жағдайда белгісіз адамдармен байланысты тоқтатып, банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды және қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты бермеу ұсынылады.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың агенттік атынан жалған ресми хаттар жіберіп жүргенін ескерткен еді. Мұндай хаттарда азаматтар туралы ақпарат сұралып, кейін алаяқтар өздерін АФМ қызметкері ретінде таныстырып, жеке немесе банк деректерін алуға әрекет жасаған.