Бейжіңде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аталып өтті
Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты мәдени кеш өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, Жамбыл Жабаевтың немересі, ақын атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова, қытайлық жазушы әрі аудармашы Акбар Мәжит, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің дипломаттары және ҚХР-дың шығармашылық, ғылыми-іскерлік қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозициядан Жамбылдың кітаптары мен фотосуреттері, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ этнографиялық жәдігерлер орын алды.
Мәдени бағдарлама «Жамбыл – ғасыр ақыны» концертімен жалғасты. Кеште Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті.