Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты
Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты. Ол жұмыспен қамту, маман даярлау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру бағытында қолға алынған жобалармен, соның ішінде жасанды интеллект қолданылатын жаңа шешімдермен танысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Еңбек күні Қазақстанда Президент бастамасымен 2013 жылдан бері аталып өтеді.
Іс-шарада Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің платформасы таныстырылды. Жүйе жұмысы жоқ азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға бос жұмыс орындарын ұсынады. Павлодар және Маңғыстау облыстарында сынақтан өткен жоба 59 мыңнан астам адамды қамтыған. Қараша айынан бастап оны басқа өңірлерге де енгізу жоспарланып отыр.
Астана әкімдігі Joltap бағдарламасының нәтижелерін таныстырды. Жоба аясында 22,2 мың адам жұмысшы мамандықтары мен цифрлық дағдыларды меңгерген. Олардың 60 пайызы жұмысқа орналасса, 2 мыңға жуық адам шағын кәсібін ашқан.
Техникалық және кәсіптік білім берудегі дуалды оқытудың цифрлық платформасы студенттерді, оқытушыларды және жұмыс берушілерді тікелей байланыстырады. Мәселен, Астанадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжін тәмамдаған түлектердің 93 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
Өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған цифрлық технологиялар да көрсетілді. Олардың қатарында электронды рұқсат құжаттары, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері және бейнеталдау мүмкіндігі бар «ақылды каскалар» бар. Жасанды интеллект қолданылатын мұндай құралдар құрылыс алаңдарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда 9,4 млн адам еңбек етеді. Жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. Электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған.
Үкімет еңбек нарығындағы өзгерістер мен өндірістің нақты сұранысын ескере отырып, маман даярлау жүйесін жетілдіруді жалғастырып жатыр. Қазір жаңа жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленуде. Онда технологиялық және экономикалық өзгерістерге сай кәсіптік оқытуды дамытуға, қажетті мамандарды алдын ала даярлауға және цифрлық дағдыларды күшейтуге басымдық беріледі. Жыл соңына дейін 600 жұмысшы мамандығын кәсіби стандарттармен қамту жоспарланған. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жұмыс берушілермен бірлесіп маман даярлау ісі де күшейтілуде. Қазір 552 колледждің 138 мың студенті 11 мыңға жуық кәсіпорынмен бірлескен дуалды оқыту бағдарламаларына қатысады. Тағы 43 мың студент жұмыс берушілердің мақсатты тапсырысы бойынша білім алып жатыр.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы еңбек адамына айрықша мән беретінін атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр азаматтың өмірден өз орнын тауып, адал еңбегімен отбасын асырап, елге пайдасын тигізуіне жағдай жасау ортақ міндет екенін айтқан еді. «Адал азамат» тұжырымдамасында еңбекқорлық, жауапкершілік және білімге ұмтылу басты құндылықтардың қатарына енгізілген.
Іс-шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан әр салада ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.
«Құрмет» орденімен:
Тұрғынжан Аутов – «Алматыэлектротранс» ЖШС троллейбус жүргізушісі, еңбек өтілі – 44 жыл;
Айдарбек Ақтанбердиев – «Метрополитен» КМК монтері, 44 жыл;
Арыстанқали Байымбетов – «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бөлім басшысы, 39 жыл;
Константин Башкиров – «Степногорск подшипник зауыты» АҚ станокшысы, 43 жыл;
Айжан Беркінбаева – Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы, 28 жыл;
Сәкен Ділдәбаев – «KARLSKRONA LC AB» ЖШС токарі, 44 жыл;
Валентина Зенкина – «СТТФ Galex Plus» ЖШС шебері, 52 жыл;
Шайхула Зиганшин – «Galanz bottlers» АҚ аға машинисі, 47 жыл;
Кеңес Ысқақов – «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем» кенішінің машинисі, 36 жыл;
Аян Қайыр – «Кедентранссервис» АҚ Павлодар филиалының бас инженері, 30 жыл;
Владимир Крайсман – «Нур-Авиценум» медициналық орталығының құрылтайшы-директоры, 53 жыл;
Оралбай Кұсайынов – «Семізбай-U» ЖШС «Семізбай» кенішінің слесарі, 33 жыл;
Салмен Нұрмағанов – «Астана-Зеленстрой» ЖШС машинисі, 47 жыл;
Өркен Станбеков – «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС электр монтері, 34 жыл;
Бекжан Сыздықов – «Сәтбаев жылу-сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС жүргізушісі, 37 жыл;
Қанатбек Теміров – «KSP Steel» ЖШС Павлодар филиалының жөндеуші слесарі, 40 жыл;
Қайрат Шағырбай – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Түркістан пайдалану локомотив депосының тепловоз машинисі, 15 жыл;
Бейбітгүл Шонкенова – Тарбағатай ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері, 36 жыл.
ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен:
Қанат Темірбеков – «Астана су арнасы» КМК экскаватор машинисі, еңбек өтілі – 44 жыл;
Вячеслав Тюков – «Силикат» ЖШС слесарь-сантехнигі, 26 жыл.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен:
Арыстан Әбішев – «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС электр-газбен дәнекерлеушісі, еңбек өтілі – 31 жыл;
Берік Ақылбеков – «Қарағанды Су» ЖШС тракторшысы, 30 жыл;
Талғат Байымбетов – «Жаңажол» ЖШС механизаторы, 43 жыл;
Мұрат Дүкебаев – «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистральдық газ құбырлары басқармасының «Тараз» филиалы операторы, 40 жыл;
Бейсенғазы Жұмабеков – «Приречное» агрофирмасы ЖШС механизаторы, 38 жыл;
Баратбай Қиясов – «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС токарі, 40 жыл;
Саятхан Құдайбергенов – Талдықорған қаласындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы, 37 жыл;
Орынбасар Кұжантаев – «АтырауНефтеМаш» ЖШС газбен кесушісі, 44 жыл;
Ермек Майқынов – «Майкынов Е» шаруа қожалығының механизаторы, 37 жыл;
Мырза Малкенов – «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ тас қалаушысы, 31 жыл;
Мұрат Мұрзатаев – «Агротехника-Жамбыл» ЖШС бас инженері, 40 жыл;
Шалғымбай Мырзалиев – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының слесарі, 42 жыл;
Татьяна Олейникова – «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС ревизоры, 37 жыл;
Сергей Петрунин – «Варваринское» ЖШС учаске бастығы, 46 жыл;
Мұрат Сабитов – «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС машинисі, 44 жыл;
Есен Сұлтанов – «Қамқор Локомотив» ЖШС Атбасар электровоз жөндеу зауыты филиалының токарі, 40 жыл;
Таңат Шонқалов – «Қаражанбасмұнай» АҚ бөлім басшысы, 45 жыл.