11-14 қазан аралығында Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Мәртебелі меймандар елімізге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Сапар аясында екі ел басшылары жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылайды. Кездесулерде екіжақты қарым-қатынасты нығайту және түрлі саладағы серіктестікті кеңейту мәселелеріне басымдық беріледі.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев, Король Филипп пен Патшайым Матильда "Қазақстан – Бельгия" іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, сапар бағдарламасында екі елдің жоғары оқу орындары ректорларының форумы және өзге де ресми іс-шаралар қарастырылған.
Мемлекеттік сапар қорытындысында Қазақстан мен Бельгия бірлескен мәлімдеме қабылдап, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қояды деп күтілуде.